Жедел қызметіне жаңа талаптар енгізілді
2026 жылғы 13 қазаннан бастап Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысына қатысты жаңа ережелер күшіне енді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, диспетчер бригаданы шақыртуға жібергеннен кейін пациентке немесе жедел жәрдем шақырған адамға автоматты хабарлама жолданады. Арнайы геосервистер арқылы жедел жәрдем көлігінің орналасқан жерін нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Ал, емханалар жанындағы мобильді бригадалардың көліктері GPS-мониторинг жүйесімен жабдықталады.
Егер шақырту барысында медицина қызметкерлеріне тікелей қауіп төнсе, көмек көрсету полиция қызметкерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Ал бейнежетонға жазылған материалдар құқық бұзушылықтарды анықтауда дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Жаңа талаптар жедел жәрдем қызметінің жұмысын ашық етуге, пациенттерді ақпараттандыруға және ақ халаттылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.








