Қаржылық тәртіп пен профилактикалық бақылау - назарда

    Қаржылық тәртіп пен профилактикалық бақылау - назарда
    Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, мониторинг жұмыстары аясында, бүгін басқарма басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалымен аппараттық кеңес өтті. Жиында 2026 жылдың тоғыз айындағы саланың қаржылық көрсеткіштері, бөлінген қаражаттың игерілуі және халық денсаулығын қорғауға бағытталған профилактикалық шаралардың орындалуы талқыланды.
    Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе - ТМККК және МӘМС аясында бөлінген қаражаттың игерілуі болды. Бұл жөнінде Қордың облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова баяндама жасап, есепті кезеңдегі қаржыландырудың жай-күйі мен қаражатты игеру нәтижелерін таныстырды.
    Одан кейін өңірдегі флюорографиялық тексеру жоспарының орындалу барысы қаралды. Басқарма басшысының орынбасары Лаура Отарбай 2026 жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштерге талдау жасап, медициналық ұйымдардағы тексеру жұмыстарының нәтижелерін баяндады.
    Кеңес қорытындысы бойынша С. Назарбек медициналық ұйымдардың бас дәрігерлеріне бөлінген қаржының тиімді, әрі мақсатты игерілуін қамтамасыз етуді, МӘМС және ТМККК аясындағы қаржыландыру мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, флюорографиялық тексеру жоспарының орындалуын жандандырып, профилактикалық тексерулермен қамтылмаған азаматтарды толық анықтауды, туберкулезге күдікті жағдайлар бойынша диагностикалық зерттеулерді уақтылы жүргізуді міндеттеді.
    Сондай-ақ, берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын атап өтіп, медициналық ұйымдар жұмысында жауапкершілік пен нәтижелілік қағидаттарын басшылыққа алудың маңыздылығына тоқталды. Қаржылық ресурстарды тиімді басқару, профилактикалық тексерулердің сапасын арттыру және ауруларды ерте анықтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі үйлестіру қажеттігін ескертіп, әрбір тапсырманың орындалу мерзімі мен нәтижесіне баса назар аударуды міндеттеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары