Өрт қауіпсіздігі: жобалық шешімдерден дайын объектіге дейін

    Құрылыс кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету — азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды шарттарының бірі. Бұзушылықтарды уақтылы анықтау оларды ғимараттарды пайдалануға бергенге дейін жою мәселесін қоюға мүмкіндік береді. Осы бағытта Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті объектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындылар беру жөнінде жұмыс жүргізуде.

    Бұл жұмыстың құқықтық негізі — «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 66-2-бабы. Аталған бапқа сәйкес тапсырыс беруші адамдар жаппай болатын салынған объектілерді, сондай-ақ биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды қабылдау және пайдалануға беру алдында олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алуға міндетті. Қорытынды беру тәртібі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 26 тамыздағы № 359 бұйрығымен бекітілген қағидаларда белгіленген. Қорытынды салынған объектіні өрт-техникалық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша беріледі.

    Мемлекеттік қызмет көрсетіле бастағаннан бері Департаментке кері қайтарып алу туралы өтініштерді қоса алғанда, 300-ге жуық өтініш келіп түсті. Қорытынды алуға берілген 220 өтініштің 110-ы көппәтерлі тұрғын үйлерге, 32-сі білім беру объектілеріне, 19-ы әкімшілік ғимараттарға, 12-сі қонақүй кешендеріне, 9-ы қоғамдық тамақтану объектілеріне және 38-і өзге санаттағы объектілерге қатысты.

    Қарау нәтижелері бойынша 66 өтініште көрсетілген объектілердің мемлекеттік қызмет көрсету өлшемшарттарына жатпайтыны анықталды. Оның ішінде 45 өтініш көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты.

    Тағы 68 өтініш бойынша өзге негіздермен бас тартылды: 45 жағдайда құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған, 11 жағдайда құрылыс аяқталмаған, 12 жағдайда өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкессіздік анықталған. Жалпы 134 өтініш бойынша бас тартылды. Сонымен қатар өтініш берушілер қорытынды алуға берілген 78 өтінішін кері қайтарып алды. Екі оң қорытынды берілді.

    Өтініштерді қарау барысында Департамент мамандары жобалық құжаттаманы мұқият зерделейді, ал өрт-техникалық зерттеп-қарау кезінде жобалық шешімдердің іс жүзінде орындалуын тексереді. Бұл жұмыс объектінің қауіпсіз пайдалануға дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған.

    Жобалау сапасына ерекше назар аударылады. Техникалық нормалау бөлімі жұмыс істей бастағаннан бері жүргізілген жұмыстың нәтижесінде екі сараптамалық қорытындының күші жойылды. Сондай-ақ өрт фактілерін қарау барысында жобалау немесе құрылыс кезеңдерінде жол берілген бұзушылықтар анықталған жағдайларда құрылыс салушылар мен объектілердің меншік иелеріне қатысты шаралар қабылданды.

    Қорытындыны қалай алуға болады?

    Құрылысқа тапсырыс беруші «Е-лицензиялау» порталы арқылы «Объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру» мемлекеттік қызметін таңдап, электрондық өтініш беруі қажет. Өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба қойылады.

    Өтінішке мына құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі:

    * белгіленген тәртіппен бекітілген жобалық немесе жобалау-сметалық құжаттама;
    * оң сараптамалық қорытынды;
    * өнімнің сәйкестігін, оның ішінде құрылыс конструкцияларының, соның ішінде ойықтарды толтыру конструкцияларының отқа төзімділігі мен өрт қауіптілігі көрсеткіштерін, сондай-ақ құрылыс және әрлеу материалдарының өрт қауіптілігі көрсеткіштерін растайтын құжаттар.

    Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Қызмет көрсету мерзімі — 15 жұмыс күні.

    Зерттеп-қарау жүргізілетін уақытқа дейін құрылыс аяқталып, жобада көзделген өртке қарсы іс-шаралар орындалуы және өрттен қорғау жүйелері жұмысқа дайын болуы тиіс. Қорытынды алуды объектіні қабылдау және пайдалануға беру алдында жоспарлау қажет.

    Департамент тапсырыс берушілерді, жобалаушыларды, құрылыс салушылар мен меншік иелерін жобаны әзірлеуден бастап ғимаратты одан әрі пайдалануға дейінгі барлық кезеңде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады. Құжаттардың толықтығы, құрылыс жұмыстарының сапасы және өртке қарсы жүйелердің жарамдылығы адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

    Қауіпсіздіктің негізі жобада қаланады, құрылыс кезінде қамтамасыз етіледі және күн сайын сақталады. Оған жауапкершілік — баршамызға ортақ.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары