Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» индустриялық аймағында салынып жатқан қуаты 45 МВт электр станциясының құрылыс барысымен танысты.
Жаңа нысан индустриялық аймақтың инженерлік-көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында салынуда. Электр станциясы іске қосылғаннан кейін жалпы инвестициялық құны 235,6 млрд теңгені құрайтын 12 жобаны электр қуатымен қамту жоспарланған.
Жобаның мердігері – «АСПМК-519» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Қажетті электр жабдықтары толық жеткізілген.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі құрылыс сапасына баса назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар жұмысшылар санын арттырып, жұмысты жеделдету және электр станциясын белгіленген мерзімде іске қосу жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Жоспар бойынша электр станциясы 2026 жылғы 15 желтоқсанға дейін іске қосылуы тиіс.
Жалпы, облыстағы индустриялық аймақтардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған аумағы 276 гектарды құрайды. Оның 87,5 пайызы бүгінде игерілген.









