ТЕРЕКТІ АУДАНЫНДА ӨНДІРІС, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫНА НАЗАР АУДАРЫЛДЫ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Жұмыс сапарына облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев пен облыстық мәслихат депутаты Сержан Идиятов қатысты.
Сапар барысында биыл іске қосылған M&N Filters ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысып, су сүзгілерін өндіру барысы қаралды. Жаңа өндірістің іске қосылуы жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысы пысықталды. Биыл Теректі ауданында 5 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылған.
Жергілікті тауар өндірушілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, олардың өнімдері таныстырылды. Ауданда мал шаруашылығы, жиһаз өндірісі, азық-түлік, сүт және ет өнімдерін қайта өңдеу бағыттары дамып келеді.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудан тұрғындарымен кездесу өтіп, ауданның өзекті мәселелері мен алдағы міндеттер талқыланды.









