
Ақмола облысында алдағы эпидемиологиялық маусымға дайындық аясында тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны 2026 жылғы 15 қыркүйектен басталады. Бұл туралы Ақмола облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов журналистерге арналған брифинг барысында мәлімдеді.
Өңірде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралуын болдырмауға бағытталған профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар кешені жүзеге асырылуда. Медициналық ұйымдар сүзгі кабинеттерінің жұмысын ұйымдастырып, мобильді бригадаларды дайындауда. Сондай-ақ қажетті дәрілік заттар, жеке қорғаныш құралдары мен дезинфекциялық препараттардың қоры жасақталуда. Эпидемиологиялық ахуал күрделене түскен жағдайда төсек-орын қорын кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген.
Тәуекел деңгейі жоғары топтарды вакцинациялау мәселесіне ерекше мән берілуде. Оларға медицина қызметкерлері, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер, балалар, егде жастағы азаматтар және созылмалы аурулары бар адамдар жатады. Вакцина алғаннан кейін иммундық қорғаныс орта есеппен екі апта ішінде қалыптасады. Сондықтан екпе салдыруды маусымдық сырқаттанушылық өрши бастағанға дейін алған маңызды.
Білім беру ұйымдарындағы профилактикалық шараларға да айрықша көңіл бөлінеді. Оқушылардың сабаққа қатысуы күн сайын бақыланып, таңертеңгілік сүзгі жүргізіледі. Оқу бөлмелерін желдету, ылғалды тазалау және дезинфекциялық режимді сақтау қамтамасыз етіледі. Аурушаңдық деңгейі айтарлықтай артқан жағдайда профилактикалық шаралар күшейтіліп, қажет болған кезде сыныптарды уақытша қашықтан оқыту форматына көшіру қарастырылады.
Мамандар дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрыннан су ағу, әлсіздік және басқа да респираторлық инфекция белгілері байқалған баланы мектепке немесе балабақшаға жібермеуге шақырады. Мұндай жағдайда баланы үйде қалдырып, медициналық көмекке жүгінген жөн.
Сырқаттанушылық маусымдық сипатта өршіген кезеңде тұрғындарға тыныс алу жолдарының гигиенасын сақтау, бөлмелерді үнемі желдету, қолды жиі жуу, науқас адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу және адам көп жиналатын орындарда қажет болған жағдайда медициналық маска тағу ұсынылады.








