
Туберкулез – туберкулез микобактериясы (Кох таяқшасы) қоздыратын жұқпалы ауру. Көбіне өкпе зақымданады, алайда инфекция басқа да ағзаларға таралуы мүмкін.
Аурудың бастапқы кезеңінде айқын белгілер байқалмауы мүмкін. Туберкулездің негізгі белгілеріне мыналар жатады:
* ұзақ уақытқа созылатын жөтел;
* кеуде тұсының ауыруы;
* әлсіздік және тез шаршау;
* дене салмағының төмендеуі;
* дене қызуының көтерілуі;
* түнгі тершеңдік;
* асқынған жағдайда қан аралас қақырықтың бөлінуі.
Әртүрлі созылмалы және қайталамалы аурулармен жиі әрі ұзақ ауыратын балалар мен жасөспірімдерге ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ туберкулездің ашық түрімен ауыратын адаммен тығыз қарым-қатынаста болған балалардың да ауру жұқтыру қаупі жоғары.
Туберкулездің арнайы алдын алудың негізгі әдісі – БЦЖ вакцинациясы. БЦЖ вакцинасы Қазақстан Республикасының профилактикалық екпелерінің ұлттық күнтізбесіне енгізілген. Вакцинация жаңа туған нәрестелерге перзентханада өмірінің 2–4 тәулігінде медициналық тексеруден кейін жүргізіледі.
Егер бала перзентханада БЦЖ вакцинасын алмаған болса, екпе алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарда жүргізіледі. Екі айға дейінгі балаларға Манту сынамасын қоймай вакцинация жасалады, ал екі айдан асқан балаларға Манту сынамасының нәтижесі теріс болған жағдайда егіледі.
Туберкулезді ерте анықтауда профилактикалық тексерулердің маңызы зор. Флюорографиялық зерттеу аурудың айқын белгілері пайда болғанға дейін өкпе туберкулезін анықтауға мүмкіндік береді.
15 жастан бастап халық профилактикалық медициналық тексеруден флюорографиялық зерттеуден өте отырып, кемінде жылына бір рет өтуі қажет. Тексеруден тұрғылықты жері немесе тіркелген жері бойынша емханада тегін өтуге болады.
Уақтылы вакцинациялау, профилактикалық тексерулерден тұрақты өту және күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралу – туберкулезді ерте анықтауға және оның таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.









