
Балаларға арналған тауарлардың қауіпсіздігі ата-аналардың ерекше назарын талап етеді. Киім-кешек, ыдыс-аяқ, күтім құралдары, балалар арбасы және басқа да өнімдерді таңдау кезінде олардың сыртқы көрінісі мен сапасына ғана емес, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне де мән берген жөн.
Тауар таңдау кезінде неге назар аудару қажет?
Ең алдымен, өнімнің таңбалануын мұқият тексеру керек. Таңбалау ақиқат әрі анық болуы, оңай оқылуы және тауар туралы қажетті ақпаратты мемлекеттік және орыс тілдерінде қамтуы тиіс.
Өнімнің түріне қарай таңбалауда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
* өнімнің атауы;
* өндірілген ел;
* өндіруші, импорттаушы немесе дистрибьютор туралы мәліметтер;
* өндірілген күні;
* өнімнің нарықтағы айналымының бірыңғай белгісі;
* қажет болған жағдайда жарамдылық немесе қызмет ету мерзімі және кепілдік мерзімі.
Балаларға арналған жекелеген тауарларға қосымша талаптар қойылады. Мысалы, емізік пен бөбекке арналған тыныштандырғыш емізіктерде оларды пайдалану, сақтау және гигиеналық күтім жасау жөніндегі ақпарат болуы қажет. Тіс щеткаларында қылшықтарының қаттылық дәрежесі көрсетіледі. Балаларға арналған бір рет қолданылатын гигиеналық бұйымдарда, оның ішінде жөргектерде, бұйымның өлшемі, мақсаты және дұрыс пайдалану жөніндегі ұсынымдар берілуі тиіс.
Нәрестелер мен бір жасқа дейінгі балаларға арналған киім-кешек пен іш киімді таңдағанда да мұқият болған жөн. Мұндай бұйымдар табиғи материалдардан дайындалуы қажет. Баланың терісіне тікелей тиетін синтетикалық сәндік элементтерге жол берілмейді. Өнімде баланы жарақаттауы мүмкін өткір немесе қауіпті бөлшектер болмауы тиіс.
Балалар арбасын таңдаған кезде оның өткір қырлары мен бөлшектерінің болмауына, баланы қауіпсіз ұстап тұратын құралдарының болуына, сондай-ақ тежеу және бекіту жүйелерінің жарамдылығына назар аудару қажет.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарды балаларға арналған тауарларды сатып алу кезінде өнімнің таңбалануын мұқият тексеруге және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін тауарларды таңдауға шақырады.
Баланың денсаулығын қорғау қауіпсіз әрі сапалы тауар таңдаудан басталады









