
Қонақүйлер мен хостелдерде тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғындардың денсаулығын қорғаудың маңызды шарттарының бірі. Сондықтан мұндай нысандарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына ерекше мән беріледі.
Негізгі талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі № ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен белгіленген.
Қонақүйлер мен хостелдер жеке тұрған, көпфункционалды ғимараттарда және көппәтерлі тұрғын үйлерде орналасуы мүмкін. Тұрғын үйде орналасқан нысанның жеке кіреберісі болуы қажет. Жертөле және цоколь қабаттарда адамдар тұратын бөлмелерді орналастыруға жол берілмейді.
Қонақүй нөмірлері санитариялық тораппен және киім сақтауға арналған орынмен жабдықталуы тиіс. Хостелдерде әрбір 15 адамға кемінде бір дәретхана, бір қолжуғыш және бір душ кабинасы қарастырылуы қажет. Сонымен қатар тамақ дайындауға және қабылдауға арналған орын қажетті жабдықтармен, ыдыс-аяқпен, азық-түлікті сақтауға арналған ыдыстармен және жуу құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Барлық үй-жайларда тиісті жарықтандыру мен желдету қамтамасыз етілуі керек. Тұрғын бөлмелер мен қонақүй нөмірлерінде ауа баптау жүйесі, ал ол болмаған жағдайда бөгде иістердің таралуына жол бермейтін желдету жүйесі қарастырылуы тиіс.
Нысандарда күн сайын ылғалды тазалау жүргізіліп, бөлмелер желдетіледі. Санитариялық-техникалық жабдықтар дезинфекциялау құралдарымен өңделеді, кілемдер мен жұмсақ жиһаздар тазаланады.
Төсек-орын жабдықтары мен сүлгілер белгіленген тәртіппен ауыстырылады. Хостелдерде әрбір тұрғын таза төсек-орын жабдығы мен сүлгімен қамтамасыз етіледі. Пайдаланылған және таза төсек-орын жабдықтарын жинау мен тасымалдау кезінде тиісті талаптар сақталуы қажет.
Санитариялық талаптарды сақтау тұрғындардың денсаулығын қорғауға, қолайлы жағдай жасауға және жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайтуға бағытталған.








