
Басқарма басшысы Қызтоғандағы медициналық пункттің жағдайымен танысты
Жұмыс сапары барысында Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Қошқарата ауылдық округіне қарасты Қызтоған ауылына барып, медициналық пункттің қазіргі жағдайын көрді.
Бүгінде ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған нысанның ғимараты ескірген. Осыған байланысты Қызтоғандағы медициналық көмектің материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.
Өңірдің перспективалық жоспарына сәйкес, 2027 жылы ауылда жаңа медициналық пункт салу жоспарланған. Сапар барысында басқарма басшысы жаңа нысан бой көтеретін жер учаскесін көріп, оның орналасу аумағымен танысты.
Қазіргі таңда медициналық пункт Қызтоғандағы 106 тұрғынға алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді.
Жаңа ғимараттың салынуы ауыл тұрғындарына медициналық қызметті неғұрлым қолайлы жағдайда алуға мүмкіндік беріп, ауылдағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсартуға жол ашады.
Ауылдағы медициналық нысандарды жаңарту – тұрғындарға көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырудың маңызды бөлігі. Қызтоғандағы жаңа медициналық пункт те осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы болмақ.







