Түркістан қаласында әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл туралы кезекті лездемелік мәжілісте 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы негізгі индикаторлардың орындалу барысы талқыланды.
Жиында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмаларына сәйкес, жыл басынан бергі 8 айдың қорытындысы қаралып, экономикалық және әлеуметтік салалардағы негізгі көрсеткіштердің орындалу барысы талқыланды.
Экономика саласында өнеркәсіп өнімінің көлемі 36,7 млрд теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 22 млрд теңгені құрады. Бөлшек сауда көлемі 103,8 млрд теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 175,9 млрд теңгені құрап, 277,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Инвестиция тарту бағытында негізгі капиталға 217,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Бекзат шағынауданындағы өндірістік парк аумағында 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жалпы құны 11,8 млрд теңге болатын 4 инвестициялық жобаны орналастыру бойынша келісімшарттар жасалды. Жобалар толық іске асқан кезде 580 жаңа жұмыс орны ашылады.
Туризм саласында да оң динамика байқалады. 8 айда салаға тартылған инвестиция көлемі 39 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56 пайызға артты. Ал қаңтар-маусым айларында туризм саласындағы қызмет көрсету көлемі 3,1 млрд теңгеге жетіп, өсім 55 пайызды құрады.
Әлеуметтік салада 8 ай ішінде 1 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жоспарланған 720 адамның орнына 1 720 адам жұмыспен қамтылды. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Мәжіліс барысында орындалуы төмен және орындалмаған индикаторлар бойынша жауапты бөлімдерге нақты міндеттер жүктелді.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасары Айдас Тоғызбаев жауапты бөлімдерге инвестиция тарту және көтерме сауда көлемін арттыру, салық түсімдерін қамтамасыз ету, тіркелмеген нысандарды заңдастыру және айыппұлдарды өндіріп алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.









