Рим, 2026 жылдың 7 қазаны – Италия Республикасына жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық пен алмасу жөніндегі қазақстан-итальян үкіметаралық жұмыс тобының 10-отырысын өткізді. Сондай-ақ итальяндық компаниялар мен іскерлік бірлестіктердің басшыларымен бірқатар кездесу өтті.
Жұмыс тобының отырысында итальяндық тарапты Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли басқарды. Тараптар бұрын қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысына шолу жасап, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады. Басты назар өзара саудамызды әртараптандыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ энергетика, көлік пен логистика, агроөнеркәсіп кешені және басқа да болашағы зор салалардағы өзара іс-қимылға аударылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауданың жалпы көлемі шамамен 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында тауар айналымы 9,79 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның экспорты шамамен 9 млрд доллар, Италиядан импорт 789,6 млн доллар болды. Сонымен қатар итальяндық өнімнің Қазақстанға жеткізілімі 13,5%-ға өсті.
Тараптар басты міндеттердің бірі ретінде өзара саудаға одан әрі әртараптандыруды және қосылған құны жоғары өнімнің жеткізілімін арттыруды атап өтті. Қазақстан тарапының бағалауынша, отандық өнімнің Италия нарығына қосымша экспорттау әлеуеті шамамен 307,5 млн АҚШ долларын құрайды. Ең мол мүмкіндік металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібінде, машина жасауда және басқа да салаларда бар.
Іскерлік байланысты дамытудың маңызды практикалық құралы ретінде 2026 жылдың ақпанында Алматыда ашылған Қазақстан-Италия сауда үйі атап өтілді. Бұл алаң экспортты ілгерілетуге, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және екі елдің бизнесі арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталған.
Инвестициялық ынтымақтастыққа бөлек екпін жасалды. Бірлескен жобаларды ілгерілету үшін тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға, сондай-ақ екі елдің қаржы институттары мен іскер топтарының арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Орта Азия мен Еуропаны жалғайтын сенімді әрі тиімді мультимодальды дәліз ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға да көп көңіл бөлінді. Қазақстан итальяндық теміржол және логистикалық компанияларды Ақтау мен Құрық порттарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бірлескен жобаларға қатысуға шақырды. Энергетика саласында тараптар дәстүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Агроөнеркәсіп кешенінде өсімдік шаруашылығы, астық өңдеу және мал шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылдың болашағы талқыланды. Тараптар локализация деңгейін арттыру және құрамдас бөлшектер базасын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Мақсат – қазақстандық құрамдас бөлшектерді жаһандық жеткізу тізбегіне кіргізу.
Сонымен қатар тараптар экология мен су ресурстарын орнықты басқару, туризм мен спорт, мәдениет пен білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Климаттық бастамаларға, энергия тиімділігіне, декарбонизацияға, су ресурстары саласына заманауи инженерлік және цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ кәсіби және білім беру алмасуларын дамытуға ерекше назар аударылатын болады.
Үкіметаралық жұмыс тобының күн тәртібін практикалық тұрғыда жалғастырған сапардың іскерлік бағдарламасы болды. Итальяндық компаниялармен келіссөздердің басты тақырыбы – Қазақстан мен Италия бизнесінің практикалық өзара іс-қимылын кеңейту болды. Бұған қазақстандық өнімді ілгерілетуден және тікелей коммерциялық байланыс орнатудан бастап, инвестиция мен технология тартуға, бірлескен жобаларды іске асыруға дейінгі мәселелер кірді.
Келіссөздердің едәуір бөлігі итальяндық және еуропалық бизнесті Қазақстандағы инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға тартуға арналды. Blacktrace және Value Partners өкілдерімен нақты жобалар пулын қалыптастыру, оларға инвесторларды, технологиялық және инжиниринг серіктестерін тарту мүмкіндіктері қаралды. Перспективалы бағыттар қатарында сын материалдар мен сирек жер металдарын терең өңдеу, Орта дәліздің логистикалық инфрақұрылымын дамыту, су үнемдеу технологиялары, деректерді өңдеу орталықтары және жасанды интеллект инфрақұрылымы аталды.
Сонымен бірге қазақстандық тарап инвестиция мен мердігер ұйымдарды тартуға ғана емес, сондай-ақ өндірістік кооперацияны тереңдетуге де мүдделі екенін жеткізді. Атап айтқанда, инженерлік құзыреттер мен технологияларды локализациялауға, отандық мердігерлердің қатысуына, кадр даярлауға және қазақстандық үлесті бірте-бірте арттыруға мән берілді. Келесі практикалық қадам ретінде бірнеше пилоттық жобаны анықтап, олар бойынша ынтымақтастықтың нақты модельдерін қалыптастыру ұсынылды.
Іскерлік бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – қазақстандық өндірушілердің Италия нарығына шығуының жаңа арналарын құру болды. Crai Mediterranea компаниясымен келіссөз барысында қазақстандық азық-түлік өнімін итальяндық бөлшек сауда желілеріне тікелей жеткізу мүмкіндігі қаралды.
Перспективалы санаттар қатарында өсімдік майлары, бал, кондитерлік, дәнді және ұн өнімдері, бұршақ тұқымдастар мен органикалық тауарлар аталды. Практикалық тетік ретінде жекелеген дүкендерде қазақстандық өнімнің пилоттық сөресін іске қосып, кейін Gruppo CRAI желісі арқылы жеткізілімді кеңейту ұсынылды. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың итальяндық топтың өзінің сауда белгілерімен өнім шығару мүмкіндігі де талқыланды.
Экспорт тақырыбы ASSOEBIOS ұйымымен келіссөзде жалғасты. Ұйым орнықты биосұйықтықтар саласындағы итальяндық электр энергетикасы операторларының мүддесін білдіреді. Итальян тарапы қазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын кейіннен өңдеп, биоэнергетикада пайдалану үшін сатып алуға қызығушылық танытты. Күнбағыс, рапс және олардың өңдеу өнімдерін, оның ішінде өсімдік майларын қоса алғанда, майлы дақылдарды жеткізуге мүмкіндік бар.
Ірі инвестициялық және экспорттық бастамалармен қатар, Қазақстан нарығына жаңа технологиялық бизнес-модельдерді шығару мүмкіндіктері де талқыланды. CoolXp компаниясымен Қазақстанды компанияның Орталық Азиядағы бизнесін кейіннен ауқымдау үшін пилоттық нарық ретінде пайдалану перспективасы қаралды. Бірінші кезеңде жабдықты Астана мен Алматыда сынақтан өткізу, одан әрі қажетті көлемге жеткенде сервистік қызмет көрсетуді, шығыс материалдарын және жекелеген құрамдас бөлшектерді кезең-кезеңімен локализациялауды қарастыру ұсынылды.
Екі елдің кәсіпкерлері арасындағы жүйелі өзара іс-қимыл мәселелері Италия-Қазақстан сауда палатасының басшылығымен де талқыланды. Тараптар тікелей іскерлік байланысты кеңейтудің, қазақстандық компанияларға Италия нарығына шығуға жәрдемдесудің және Қазақстан мен Италияның бизнес қауымдастықтары арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар аталған бастамаларды практикалық арнаға көшіруге келісті. Атап айтқанда, нақты жобалар мен әлеуетті серіктестерді айқындау, компаниялар арасында тікелей келіссөз ұйымдастыру және ынтымақтастықтың мүмкін форматтарын пысықтауды жалғастыру көзделіп отыр. Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-пен бірлесіп, қол жеткізілген келісімдерді одан әрі жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен, даму институттарымен және қазақстандық бизнеспен қажетті байланыс орнатуға жәрдемдесуге дайын.







