
2026 жылдың 1 қазанында Астанада Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының 10-отырысы өтті.
Отырыс барысында тараптар екіжақты сауданың қазіргі жағдайын талқылап, өзара тауар айналымын одан әрі ұлғайтуға бағытталған шараларды талқыланды.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жыл басынан бері Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара іс-қимылдың айтарлықтай жанданғанын атап өтті. Оның айтуынша, сегіз айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 77 млн АҚШ долларын құраған.
Бұл ретте сауда көлемін одан әрі арттыру үшін биыл тараптар қажетті құқықтық, сауда және қаржылық тетіктерді қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Сол жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – 22 шілдеде ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімінің күшіне енуі. Келісім аясында 367 тауар позициясына преференциялық шарттар қарастырылған. Бұл, өз кезегінде, Қазақстанның ауыл шаруашылығы, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі өнімдерінің Моңғолия нарығына экспортын ұлғайтуға қосымша мүмкіндік береді.
Сауда мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, қазақстандық өнімдерді Моңғолия нарығында тұрақты түрде ілгерілетуге қажетті инфрақұрылым да қалыптастырылып жатыр. Осы бағытта биыл Моңғолияның ірі серіктестерімен бірнеше келісімге қол қойылды.
Сол келісімдердің бірі Mon-Kaz Trade & Investment Hub компаниясымен жасалды. Келісім аясында Ұлан-Батыр қаласында Made in Kazakhstan брендімен сауда алаңын іске қосуға дайындық жүргізілуде. Онда қазақстандық өнімдер тұрақты негізде ұсынылатын болады.
Қазақстандық тауарлардың Моңғолия нарығына шығуын кеңейту үшін сауда инфрақұрылымымен қатар, қаржыландыру тетіктерін дамыту да маңызды. Осыған байланысты сауда саласын қаржыландыруға ерекше назар аударылды. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Моңғолияның Trade and Development Bank банкіне 33 млн АҚШ доллары көлемінде лимит бекітті.
Қазіргі уақытта осы тетік аясында жалпы құны шамамен 21 млн АҚШ долларын құрайтын қазақстандық теміржол жартылай вагондарын жеткізу бойынша үш мәміле пысықталып жатыр. Сонымен бірге Моңғолияның басқа да банктерімен бірлескен жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылуда.
Өзара сауданы кеңейту үшін қаржыландыру құралдарын екі бағытта да пайдалану маңызды. Осыған орай Қазақстан тарапы отандық бизнеске моңғол өнімдерін неғұрлым тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік беретін кері қаржыландыру тетігін пысықтауды ұсынды. Мұндай тетік екі ел арасындағы тауар жеткізілімдерін ұлғайтуға және сауда қаржыландыруының қолданыстағы мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.
Сауда көлемін арттырумен қатар, өзара тауар жеткізілімдеріндегі техникалық кедергілерді азайту бойынша да нақты қадамдар жасалуда. Осы бағытта 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мен Моңғолияның Стандарттау және метрология агенттігі арасында Меморандумға қол қойылды. Құжат өзара саудадағы рәсімдерді жеңілдетуге және техникалық кедергілерді азайтуға бағытталған.
Екі ел арасындағы сауда көлемін ұлғайтуда көлік-логистикалық байланыстардың да маңызы зор. Сондықтан отырыс барысында көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Моңғолияның сауда бағыттарын жетілдіру, Қытай аумағы арқылы тасымалдауды дамыту және логистикалық шығындарды азайту жөніндегі бастамаларын қолдады.
«Биыл біз бірлесіп үлкен дайындық жұмысын жүргіздік. Сауда, қаржылық және ұйымдастырушылық тетіктер құрылды. Ендігі ортақ міндетіміз – оларды нақты мәмілелермен толықтырып, жаңа келісімшарттар жасасу және өзара тауар айналымының өсімін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Айжан Бижанова.
Қазақстан тарапы бірлескен сауда жобаларын ілгерілету бойынша практикалық жұмысты жалғастыруға және Моңғолия бизнесіне Қазақстан нарығында қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.









