Қазақстанда қыркүйек айында азық-түлік инфляциясы 8,5%-ды құрады

    Қазақстанда қыркүйек айында азық-түлік инфляциясы 8,5%-ды құрады

    Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 8,5%-ға өскен. Ал айлық инфляция тамыз айындағы деңгейде сақталып, 0,6%-ды құрады.

    Сонымен бірге қыркүйек айында бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Мәселен, пияздың бағасы – 20,7%-ға, лимон – 13,9%-ға, сәбіз – 13,6%-ға, картоп – 13,4%-ға, баялды – 11,2%-ға, қырыққабат – 10,1%-ға арзандады. Бұдан бөлек, тәтті бұрыш, алма, алмұрт, сарымсақ және банан бағасы да төмендеді. Балалар тағамына арналған жармалар 6,1%-ға, ал қант 1,3%-ға арзандаған.

    Жекелеген жеміс-көкөніс өнімдері бойынша бағаның төмендеуі жылдық көрсеткіштен де байқалады. Соңғы бір жылда алманың бағасы 11,1%-ға, лимон 8,3%-ға, қызылша 6,9%-ға, қырыққабат 6,1%-ға, банан 5,6%-ға, тәтті бұрыш 3,9%-ға төмендеді.

    Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі бірқатар жүйелі шараларды жүзуде. Негізгі бағыттар – нарықтағы тауар ұсынысын жеткілікті деңгейде ұстап тұру, өнімдерді өндірушілерден тікелей жеткізуді, артық делдалдарды қысқарту және сауда үстемелерінің белгіленген шектен аспауын бақылау.

    Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері тікелей жеткізу тетігі арқылы ішкі нарыққа шамамен 33,2 мың тонна картоп, 13,9 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 177,7 тонна ақ қырыққабат жеткізілді. Бұл өнімдердің негізгі көлемі Қытайдан, Өзбекстаннан және өңірдегі басқа да елдерден жеткізілді.

    Бағаны тұрақтандырудың тағы бір тетігі ретінде тұрақтандыру қорлары мен «айналым схемасы» қолданылып отыр. Сонымен қатар өңірлік комиссиялар өнімсіз делдалдарды анықтау және жеткізу тізбегінен шығару бойынша жұмыстануда. Жыл басынан бері 816 отырыс өткізіліп, 3 391 заңбұзушылық фактісі анықталды. Соның нәтижесінде жеткізу тізбегінен 222 өнімсіз делдал шығарылды.

    Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесінің сақталуы да тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері белгіленген шекті мөлшерден асып кеткен жағдайлар бойынша 3 610 әкімшілік қаулы шығарылды.

    Өндірушілер мен жеткізушілердің шығындарын азайту үшін қосымша шаралар да қолға алынуда. Атап айтқанда, маусым айынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, сондай-ақ ұн тарту және нан пісіру кәсіпорындарына арналған бидайды теміржол арқылы тасымалдауға төмендету коэффициенті енгізілді. Оның арқасында тасымалдау құны 40%-ға дейін төмендейді.

    Бұған қоса, әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілері бағаны тұрақтандыру бойынша міндеттемелер алған жағдайда, олар үшін электр энергиясының тарифін төмендету мүмкіндігі қарастырылған.

    Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысы жалғасуда. Бұл ретте азық-түлік инфляциясына барынша әсер ететін негізгі тауарларға және ішкі нарықты қажетті өнімдермен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге басымдық берілуде.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі" жаңалықтары