
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.
Кездесу барысында түркі әлемінің мәдени-рухани байланыстарын одан әрі нығайту, ортақ мәдени мұраны дәріптеу, халықаралық деңгейдегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру және Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттерінің студент жастарының театр фестивалі аясындағы бастамаларды дамыту мәселелері талқыланды.
Қала әкімі Түркістанның түркі дүниесі үшін тарихи әрі рухани маңызы зор шаһар екенін атап өтіп, қаланың мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған бастамаларға жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сонымен қатар түркі мемлекеттері жастарының басын қосатын мәдени-шығармашылық жобалардың маңыздылығына тоқталды. Мұндай іс-шаралар жастардың өзара тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланысын нығайтуына және ортақ құндылықтар негізінде жаңа бастамалардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
«ТҮРКСОЙ» – түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған халықаралық ұйым. Қазақстан ұйымның негізін қалаушы мемлекеттерінің бірі саналады.
Бүгінде Сұлтан Раев түркі әлемінің мәдени байланыстарын дамытуға елеулі үлес қосып, 2022 жылдан бері «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы қызметін атқарып келеді.
Тараптар алдағы уақытта мәдениет пен өнер саласындағы өзара ықпалдастықты кеңейтіп, Түркістанда бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыруға және түркі жастарының шығармашылық байланысын одан әрі нығайтуға уағдаласты.








