
Ұстаздар күні – ұстаз еңбегін ұлықтап, білім мен тәрбие саласындағы мұғалімнің айрықша рөлін айқындайтын маңызды кәсіби мереке. Осыған орай Түркістан қаласында Ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Өз сөзінде қала әкімі ұрпақ тәрбиесі мен сапалы білім берудегі ұстаз еңбегінің маңызын атап өтіп, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мен мәртебесін көтеру – білім саласын дамытудың маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Салтанатты жиында білім беру саласына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар үздік ұстаз марапатталды. Оларға Оқу-ағарту министрінің «Алғыс хаты», «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Түркістан облысы әкімінің және Түркістан қаласы әкімінің «Алғыс хаттары» табысталды.
Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы 79 мектепте 5 мыңнан астам педагог 60 мыңға жуық оқушыға білім беріп, олардың жан-жақты тәрбиесіне үлес қосып келеді. Қала мектептерінде жоғары біліктілік санаттарына ие тәжірибелі ұстаздар еңбек етуде.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.








