Ұлытау облысы, Жезқазған қаласынан Ардагерлер кеңесінің төрағасы бастаған 15 ардагер Түркістан қаласына арнайы сапармен келді.
Сапар барысында қонақтар Түркістан қаласының ардагерлерімен және ақсақалдарымен кездесіп, өзара пікір алмасты. Кездесуде аға буынның қоғамдық өмірдегі орны, жастар тәрбиесіне қосып отырған үлесі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Киелі шаһарда Түркістан және Жезқазған қалаларының зиялы қауым өкілдері мен ардагерлерінің кездесуі өтті. Басқосуға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысып, ардагерлерге арнайы сөз сөйлеп, ақжарма тілегін білдірді. Қонақтарға Түркістан қаласына қош келдіңіздер айтып, аға буын өкілдерінің елдің қоғамдық-рухани өміріндегі маңызды рөлін атап өтті.
Кездесу барысында қос өңірдің ардагерлері ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, кейінгі ұрпаққа тағылымды тәрбие беру бағытындағы ортақ бастамалар жөнінде пікір алмасты.
Жезқазғандық ардагерлер Түркістанның тарихи-мәдени нысандарын аралап, қаланың рухани келбетімен, тарихи мұрасымен және мәдени тыныс-тіршілігімен танысты.








