
Өңір неонатологтары біліктілігін арттырды
Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқу курсы ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өткен 40 сағаттық оқу «Нәрестелердің гемодинамикасы, бұзылыстары. Функционалды ЭХОКГ» тақырыбына арналды.
Курсты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс неонатологы, «Астана медицина университеті» неонатология кафедрасының ассистенті Карин Бектұрған жүргізді.
Оқу барысында медицина қызметкерлері жаңа туған нәрестелердің гемодинамикалық жағдайын бағалау, жүрек-қантамыр жүйесіндегі бұзылыстарды ерте анықтау және функционалды эхокардиографияны клиникалық тәжірибеде қолдану бойынша білімдерін жетілдірді.
Бағдарлама теориялық және практикалық сабақтарды қамтыды. Қатысушылар функционалды ЭХОКГ жүргізу, алынған көрсеткіштерді дұрыс интерпретациялау және зерттеу нәтижелерін нақты клиникалық жағдаймен байланыстыра отырып бағалау дағдыларын пысықтады.
Функционалды ЭХОКГ ауыр жағдайдағы жаңа туған нәрестелердің жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін динамикада бағалауға, гемодинамикалық өзгерістерді ерте анықтауға және жүргізіліп жатқан емнің тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс неонаталдық көмектің сапасын арттыруда маңызды диагностикалық құралдардың бірі саналады.
Мамандардың айтуынша, медициналық қызметкерлердің білімін тұрақты түрде жетілдіру және заманауи диагностикалық әдістерді тәжірибеге енгізу – медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі.






