ӘЙЕЛДЕР ДЕНСАУЛЫҒЫ - БАСТЫ НАЗАРДА
«Әділет» партиясының Әйелдер қанатының бастамасымен, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының және Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының қолдауымен «Әйел өмірі үшін» атты маңызды әлеуметтік-алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының мамандары «Гәкку Әулие-Ата» құс фабрикасының қызметкерлерімен кездесіп, әйелдер денсаулығын қорғау, онкологиялық аурулардың алдын алу және ауруды ерте кезеңде анықтаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында мамандар әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулар, олардың алдын алу жолдары, уақытылы медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы жөнінде кең көлемде ақпарат берді. Сонымен қатар, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау, профилактикалық тексерулерден тұрақты өту және алғашқы белгілер байқалған жағдайда дәрігерге дер кезінде жүгіну қажеттігі атап өтілді.
Әйел - отбасының берекесі, шаңырақтың шырағы. Оның денсаулығы мен өмірі - бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның құндылығы.
«Әйел өмірі үшін» - аурудың алдын алып, денсаулықты сақтауға, әрбір әйелдің өз өміріне жауапкершілікпен қарауына үндейтін маңызды бастама.
Денсаулыққа немқұрайлы қарамайық.
Ауруды емдегеннен, оның алдын алған әлдеқайда маңызды.







