
Асфальтқа салынған граффити айыппұлға әкелді: Шемонаиха ауданында құқық бұзушы анықталды
Шемонаиха ауданының Рассыпное ауылында жас жігіт асфальт жабынына граффити салмақ болған. Алайда оның бұл әрекеті көп ұзамай полиция назарына ілікті.
Құқық бұзушылықты Шемонаиха аудандық полиция бөлімінің мобильді тобы профилактикалық жұмыс барысында анықтады. Құқық бұзушының жеке басы анықталып, оның 19 жастағы жас жігіт екені белгілі болды.
Сотта анықталғандай, ол қара түсті аэрозоль бояумен әдепсіз сипаттағы сурет пен жазу салып, осылайша қоғамдық орынның көркін бұзған. Жас жігіт өз кінәсін мойындап, болған жағдайға өкінетінін білдірді.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот әкімшілік жаза ретінде 35 АЕК, яғни 151 375 теңге мөлшерінде айыппұл тағайындады.
Полиция қоғамдық орындардың көркін қасақана бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ.
ШҚО ПД баспасөз қызметі








