
Бүгін, 5 қазан күні Ақтау қаласында Ұстаздар күніне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш, білім саласының ардагерлері, педагогтер мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қала әкімі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, педагог еңбегінің маңыздылығына тоқталды.
– Мен үлкен өмірге ұстаздықтан қадам бастым. Бұл мен үшін зор мақтаныш. Білім саласының дамуы мен сапалы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және жұмыстарыңызға толағай табыс тілеймін, – деді Мақсат Мұқаш.
Салтанатты шара барысында білім беру саласына елеулі үлес қосып, кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар педагог марапатталды.
Мерекелік шараның соңы концерттік бағдарламамен жалғасты. Шаһардың шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздар өз өнерлерін ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі








