ШҚО-да дрондардың көмегімен қарсы жолаққа шығудың 55 дерегі тіркелді
Бір ғана ойланбай жасалған басып озу маневрі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Шығыс Қазақстанның қала сыртындағы тасжолдарда жүргізушілер бірнеше минут үнемдеу үшін тәуекелге барып, өз өміріне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіріп жатады.
Мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу үшін ШҚО Полиция департаменті ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланады. Әуеден қарағанда тасжолдардың ұзын учаскелері, қауіпті бұрылыстар, өрлер мен көріну мүмкіндігі шектеулі тұстар анық көрінеді. Мұндай жерлерде жүргізушілер басып озу ережелерін жиі бұзады.
Жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен қарсы қозғалыс жолағына шығудың 55 дерегі тіркелді. Барлық құқық бұзушылық ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі бойынша сараланған. Бұл бапта көлік құралын басқару құқығынан алты ай мерзімге айыру жазасы көзделген.
Қауіпті маневр тіркелген жағдайда әуеден алынған ақпарат жақын маңдағы патрульдік экипажға жедел беріледі. Полицейлер көлікті тоқтатып, заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Қарсы қозғалыс жолағы — тәуекелге баратын орын емес екенін әрбір жүргізуші түсінуі керек. Басып озып үлгеремін дегеннің өзінде, жолдағы жағдай санаулы секундта өзгеруі мүмкін. Қарсы келе жатқан көлік, шектеулі көріну немесе арақашықтықты дұрыс есептемеу ауыр зардаптарға әкелетін бетпе-бет соқтығысуға себеп болуы ықтимал.
ШҚО Полиция департаменті басып озу ережелері жайдан-жай белгіленбегенін еске салады. Олардың басты мақсаты — адам өмірін сақтау. Бірнеше минут үнемдеу үшін өз өміріңіз бен өзгелердің қауіпсіздігін қатерге тікпеңіз. Жылдамдық режимін сақтап, қауіпсіз арақашықтықты ұстаныңыз және басып озуды тек рұқсат етілген жерлерде орындаңыз.
Заң мен тәртіп — баршаға ортақ.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









