ШҚО-да жол жүрісі қағидаларын сақтаған 20-дан астам үлгілі жүргізуші марапатталды
Шығыс Қазақстан облысында әкімшілік полиция қызметкерлері көлік жүргізу мәдениетін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Үлгілі жүргізуші – 2026» республикалық акциясын өткізді.
Патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге іс-шараға жас жол инспекторлары да қатысты. Олар жүргізушілермен тілдесіп, ақпараттық жадынамалар таратып, жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Акцияның басты қатысушылары – есепті кезеңде жол жүрісі қағидаларын бұзбаған, көлікті жауапкершілікпен басқарып, жолда жоғары мәдениет танытқан жүргізушілер. 20-дан астам жүргізушіге полиция қызметкерлері алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Қатысушыларды іріктеу таңдамалы түрде жүргізілді. Бұл ретте жол ережелерін өрескел бұзу фактілерінің болмауына, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық регламент талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударылды.
Жалпы акция аясында патрульдік полиция қызметкерлері жасы, жынысы және көлік жүргізу өтілі әртүрлі 400-ге жуық жүргізушіні қамтыды. Олардың әрқайсысына жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған ақпараттық жадынамалар берілді.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында жол қауіпсіздігі саласында 237 367 құқық бұзушылық анықталған. Мұндай жағдайда құқық бұзушылықтардың жолын кесумен қатар, заң талаптарын сақтап, өз іс-әрекетімен өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген азаматтарды да атап өткен маңызды.
ШҚО Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүрісі қағидаларын сақтауға, көлік басқару кезінде мұқият болуға және жол қауіпсіздігі әр адамның жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпауға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









