Жолдағы алғашқы сабақ: қауіпсіздік әліппесі

    Жолдағы алғашқы сабақ: қауіпсіздік әліппесі

    Маңғыстауда бірінші сынып оқушылары жаяу жүргіншілер қатарына қабылданды

    Маңғыстау облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Жас жаңа жүргізуші» акциясы аясында бірінші сынып оқушыларын жаяу жүргіншілер қатарына қабылдауға арналған профилактикалық іс-шара өтті.

    Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – балаларға жол қозғалысы ережелерін үйретіп, көшеде қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

    Шара барысында жас жаяу жүргіншілерге жолды тек белгіленген жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өту, бағдаршам сигналдарын сақтау, жолдың жүріс бөлігінде сақ болу және айналадағы көлік қозғалысына назар аудару қажеттігі түсіндірілді.

    Балалар жол қозғалысы ережелеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, қызықты ойындар мен практикалық тапсырмаларға белсенді қатысты. Ойын арқылы олар жолдағы қауіпсіздік талаптарын есте сақтап, алған білімдерін іс жүзінде көрсетті.

    Іс-шара соңында бірінші сынып оқушыларына жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне арналған естелік сыйлықтар мен ақпараттық материалдар табысталды.

    Полиция қызметкерлері ата-аналарға да балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтып, мектепке дейінгі және күнделікті бағытты балалармен бірге алдын ала пысықтауға шақырды.

    Іс-шараға Маңғыстау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Сержан Туйешиев және Әкімшілік полиция басқармасы үгіт-насихат тобының аға инспекторы полиция капитаны Набира Бисекова қатысты.

    Балаға жол ережесін үйрету – қауіпсіздікке бастар алғашқы қадам.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Полиция департаменті" жаңалықтары