
Қазығұрт ауданында еліміздің маңызды кәсіби мерекелерінің бірі – Құрылысшылар күні кеңінен аталып өтті.
Мереке қарсаңында аудан әкімі Азизхан Исмаилов құрылыс саласының ардагерлері мен еңбек озаттарын құттықтап, ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыруға, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагер құрылысшыларды Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Салтанатты шарада аудандық мәслихаттың төрағасы Тайбек Қалымбетов, аудандық “Әділет” партиясының төрағасы Исақұлов Есімхан, аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов сөз сөйлеп, құрылыс саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне «Еңбек даңқы» медалі және аудан әкімінің алғыс хаттары мен мерекелік статуэткалар табысталды.
Құрылысшылар күні – ел игілігі жолында еңбек етіп, жаңа нысандар бой көтеруіне атсалысып, елді мекендердің сәулеттік келбетін көркейтіп жүрген құрылысшылардың еңбегін ұлықтайтын айтулы мереке. Бұл – маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген мамандарға деген құрмет пен алғыстың белгісі.
Мерекелік шара барысында аудандық мәдениет сарайы қызметкерлері мен өзге де өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, сахналық көрініс қойып, құрылыс саласының мамандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.









