Педагогтердің біліктілігін арттыру: кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктері

    Педагогтердің біліктілігін арттыру: кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктері

    Жаңа білім, заманауи технологиялар және үздіксіз кәсіби даму – бүгінгі педагогтің басты құралдары. Ақмола облысында 2026 жылдың І жартыжылдығында педагогтердің біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, мемлекеттік тапсырыс аясында мыңдаған маманды қамтыды.

    Ақмола облысы білім басқармасының әдістемелік орталығының басшысы Ляззат Курмангалиеваның айтуынша, биыл педагогтерді біліктілікті арттыру курстарымен қамту жоспары бойынша 3 939 педагогті оқыту көзделген. Бүгінгі таңда 2 216 педагог курстық дайындықтан өтті.

    «Біліктілікті арттыру курстарының мазмұны цифрлық трансформация, жасанды интеллект, заманауи оқыту әдістері, тәрбие жұмысы, балалардың қауіпсіздігі, қаржылық сауаттылық және инклюзивті білім беру сияқты басым бағыттарды қамтиды»,-деп толықтырды Ляззат Курмангалиева.

    «Өрлеу» БАҰО АҚ «Ақмола облысы бойынша КДИ» филиалы бойынша жылдық жоспар 2 766 педагогті қамтиды. Қазіргі таңда 1 356 педагог оқытылды. Курстарда педагогтер «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын іске асырудың жаңа тәсілдері, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, инклюзивті білім беру және педагог тәжірибесін әдістемелік қолдау бағыттары бойынша білімдерін жетілдіруде.

    Балалардың әл-ауқаты ұлттық ғылыми-практикалық институты «ӨРКЕН» тарапынан 790 педагогті оқыту жоспарланған. Көшпелі форматта Ақмола облысының бірқатар аудандары мен қалаларында 8 курс өткізіліп, 479 педагог қамтылды. Курстардың негізгі тақырыптары – білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да өзекті мәселелер.

    Сонымен қатар, «Қаржылық сауаттылық негіздері» және «Күні бойы ойын технологияларын қолдану» бағдарламалары бойынша 300-ге жуық педагог білім алып, сертификаттарға ие болды.

    Жалпы, 2026 жылғы І жартыжылдықтағы көрсеткіштер педагогтердің кәсіби дамуына бағытталған жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

    Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы – білім сапасын арттырудың маңызды факторы. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, педагогтердің жаңа білім мен технологияларды тиімді меңгеруіне мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының білім басқармасы" жаңалықтары