ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

    ·
    Қазығұрт ауданында Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары тұрғындармен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
    Кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Алтынсары Умбеталиев, Нұржан Әшіров, аудандық мәслихат төрағасы Тайбек Қалымбетов, аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, аудан тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
    Аталмыш жиынды Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Әзімханұлы жүргізіп отырды. Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Умбеталиевтің Түркістан облыстық мәслихатының 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар мен мәслихат тарапынан атқарылған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды.
    Кездесуге келген тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, жол сапасы, абаттандыру және көгалдандыру, әлеуметтік нысандардың жағдайы, коммуналдық жүйелер және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты бірқатар сауалдар қойылды.
    Депутаттар мен аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешілу жолдары бойынша түсініктемелер берді. Жауапты сала басшылары да өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпараттар ұсынды.
    Сондай-ақ, қоғам белсенділері мен ауыл билері ауданның дамуына қатысты өз ұсыныстарын білдірді.
    Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар мен қойылған сұрақтар шешімін қажет ететін мәселелер тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, олардың орындалу барысы бақылауда болатыны айтылды.
    Айта кетейік, кездесудің негізгі мақсаты – облыстық мәслихат депутаттарының атқарған жұмыстары туралы тұрғындарға ақпарат беру, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және аудан аумағында шешімін қажет ететін өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау болып табылады.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары