Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс жоспарына сәйкес «Қызылқия» және «Тұрбат» шағын өндірістік алаңдарының жұмысымен танысып, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылады.
Аталған өндірістік алаңдар жергілікті кәсіпкерлікті дамыту, аудан экономикасына инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған.
Атап айтқанда, «Тұрбат» шағын өндірістік алаңының жалпы аумағы 1 гектарды құрайды. Мұнда 6 өндірістік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 11 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қазіргі таңда жер телімі тегістеліп, 6 өндірістік ғимараттың темір конструкциялары құрастырылып, сэндвич-панельдермен қаптау жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар қажетті инфрақұрылым тартылып, бүгінде кәсіпкерлерді өндірістік алаңға орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған алаңда бал құюға арналған ыдыстар, желдеткіш құралдары, жиһаз бұйымдары, ПЭТ ыдыстар, көрпе-төсек өнімдері және жууға арналған сұйықтықтар өндіру жобалары іске асырылмақ.
Ал Қызылқия елді мекеніндегі шағын өндірістік алаңның жалпы жер көлемі 0,6 гектарды құрайды. Жоба аясында жалпы ауданы 1 000 шаршы метр болатын 5 өндірістік ғимарат салу көзделген. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 159 млн теңге. Өндіріс іске қосылған кезде 12 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы өндірістік алаңдардың құрылыс барысымен танысып, жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Жалпы, аталған жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейін көтеруге оң ықпал етпек.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









