Ардагерлердің ақ батасы – ұрпаққа өнеге

    Ардагерлердің ақ батасы – ұрпаққа өнеге

    Алмалы ауданының «Барыс» жастар командасы ауданның ардагерлеріне арнайы барып, ақ батасын алды. Тағылымды кездесу аға буынның өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және қоғам үшін маңызды мәселелер төңірегінде пікір алмасуға мүмкіндік берді.

    Кездесу барысында жастар өкілдері алда өтетін Құрылтай туралы ақпаратпен бөлісіп, оның мақсаты мен маңызына тоқталды. Әңгіме барысында жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі, ел болашағына қосар үлесі және аға буынның тағылымды жолын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы сөз болды.

    Қазақ халқы үшін үлкенді сыйлау, ақсақалдардың өнегелі өмір жолын құрметтеу – ежелден келе жатқан құндылық. Көп жылдық өмір тәжірибесіне сүйенген ақыл-кеңес пен ақ батаның жас ұрпаққа берер тағылымы мол. Ақсақалдардың ізгі тілегі жастарға әрдайым күш-қуат беріп, алға ұмтылуға жігерлендіреді.

    Кездесуге қатысқан азаматтардың бірі – Алмалы ауданының 92 жастағы қадірлі ақсақалы, тыл ардагері Жанұзақов Мағзамбек.

    Соғыс жылдарындағы ауыр кезеңде Мағзамбек Жанұзақов тылдағы еңбекке белсене араласып, елдің әл-ауқаты мен дамуына өз үлесін қосты. Жеңісті жақындатуға бағытталған тыл еңбегінің маңызын жақсы түсінген ардагер сол қиын жылдардағы қажырлы еңбегімен елге қызмет етті.

    Өзінің еңбек жолын әлеуметтік салаға арнаған ардагер зейнеткерлікке шыққанға дейін осы бағытта абыройлы қызмет атқарды. Саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған Мағзамбек Жанұзақовтың өмір жолы мен мол тәжірибесі бүгінгі жас ұрпақ үшін тағылымды үлгі.

    Мұндай кездесулер жастардың тарихты тереңірек танып, аға буынның өнегесін бойына сіңіруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл – уақыт пен ұрпақ арасындағы байланысты нығайтудың, ортақ құндылықтар негізінде қоғамның бірлігін бекемдеудің маңызды жолы.

    Ұрпақтар сабақтастығы – ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің берік негізі. Ал ардагерлердің ақ батасы мен ақ тілегі – кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін баға жетпес рухани мұра.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алмалы ауданы Әкімінің аппараты" жаңалықтары