
Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрында Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік инфрақұрылым белсенді дамып, білім, медицина, мәдениет және спорт нысандары, тұрғын үйлер қарқынды салынып жатқанын атап өтті.
– Сіздерді Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Күннің ыстық-суығына қарамастан, қағаз бетіндегі жоба ел игілігіне жарайтын тұрғын үйлерге, мектептер мен ауруханаларға, көпірлер мен жолдарға және өндірістік нысандарға айналғанша тынбай еңбек етесіздер. Сіздер өңірдің дамуына тікелей байланысты жасампаздықтың алғы шебіндесіздер. Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке және кәсіби жетістіктер тілеймін, – деді Болат Ақшолақов.
Салтанатты жиында облыс әкімі құрылыс саласының дамуына үлес қосқан мамандарға ведомстволық және салалық марапаттар табыстады. Қажырлы еңбегімен көзге түскен 28 қызметкер ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан құрылысшылар одағы және облыс әкімі атынан берілген марапаттарға ие болды.
Мерекелік іс-шара жергілікті әртістердің, “Gazhap Band” мен “Заман” топтарының қатысуымен өткен концертпен қорытындыланды.







