«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Астана қаласының прокуратурасы жол жүрісі қағидаларын жүйелі түрде және өрескел бұзатын жүргізушілерге қатысты принципті ұстанымда.
Мониторинг барысында тұрғын үйлердің маңында автокөліктің артқы бөлігін қасақана сырғытып, дрифт және қауіпті маневрлер жасап, айналасындағыларға қауіп төндірген «Mercedes-Benz» автокөлігінің жүргізушісі анықталды.
Аталған әрекеттер қоғамдық тәртіпті қасақана бұзу ретінде сараланып, жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Құқық бұзушылықтың сипаты мен оның қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, сот жүргізушіні 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу туралы шешім қабылдады.
Аталған практика прокуратура және полиция органдарының үйлестірілген жұмысы аясында жүзеге асырылуда. Ол жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге және жолдардағы қауіпті мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған.
Елорда прокуратурасы жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға және басқа азаматтардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Астана қаласының прокуратурасы




