
Ішкі істер министрі Ержан Саденов оқу үлгерімінде жоғары нәтиже көрсетіп, қазіргі таңда ішкі істер органдарының бөліністерінде қызмет атқарып жүрген жас офицерлермен кездесті.
Олардың қатарында ІІМ-нің ведомстволық жоғары оқу орындарын, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің жолдамасымен шетелдік оқу орындарын үздік бітірген түлектер бар.
Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери және арнаулы оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөніндегі бастамасының жалғасы болды.
Президенттің тапсырмасымен биыл алғаш рет үздік түлектерге алғашқы офицерлік "аға лейтенант" шені берілді. Үздік түлектерге алғашқы офицерлік погондарды Мемлекет басшысы өзі табыстаған болатын.
Бүгінде олар қызметке кірісіп, алған білімдерін іс жүзінде қолданып келеді.
Ержан Саденов жас офицерлермен олардың қызметтегі алғашқы айлары, кездескен қиындықтары, кәсіби жоспарлары және одан әрі дамуы жөнінде пікір алмасты.
Министр Мемлекет басшысының көрсеткен сенімі - олардың білімін жоғары бағалау ғана емес, ең алдымен үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Кездесуде "Заң мен Тәртіп" қағидатына ерекше назар аударылды. Жас офицерлерден кәсібилік, табандылық және қызметте нақты нәтижелер күтіледі.
- Сіздер жақсы бастама алдыңыздар. Енді барлығы сіздердің қызметтеріңізге байланысты. Президенттің сенімін күн сайын еңбектеріңізбен, адамдарға деген қарым-қатынастарыңызбен және нәтижелеріңізбен ақтауларыңыз қажет, - деді министр.
ІІМ басшысы жас офицерлерге қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, тәжірибе жинақтап, қызметтерін абыроймен жалғастыруды тіледі.
Дарынды жастарды қолдау және жас қызметкерлердің кәсіби өсуіне жағдай жасау ІІМ-нің кадр саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.









