
Биылғы сегіз айда өңірдің жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 5,9 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өндірістің нақты көлем индексі 143,7%-ды құрады.
Облыста осы салада 113 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында Қарағанды аяқ киім фабрикасы, Абай тігін фабрикасы, Qarmet Service және «GALEX PLUS» Саран тігін-трикотаж фабрикасы бар.
Саланы дамытудағы негізгі басымдықтар — кәсіпорындарды тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз ету, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану және өткізу нарықтарын кеңейту. Осы бағытта Qarmet, Kazakhmys және басқа да ірі компаниялармен жергілікті өндірістің арнайы киім, арнайы аяқ киім және тоқыма өнімдерін сатып алу бойынша ынтымақтастықты нығайту көзделген.
Сондай-ақ импортты алмастыруға, жаңа өнім түрлерін шығаруға және отандық өндірушілердің мемлекеттік әрі квазимемлекеттік сатып алуларға қатысуын кеңейтуге назар аударылады.
Жыл соңына дейін өндіріс көлемін шамамен 10,5 млрд теңгеге жеткізіп, кемінде 45% өсімді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.




