Қарағанды облысында кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамытудың 2026 жылдың 9 айындағы қорытындысы жарияланды. Есепті кезеңде өңірдегі өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4,2 триллион теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға өсті. Осы көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында екінші орынға ие болды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 6,4 пайызды құрады. Инвестициялық портфельге жалпы құны 7 триллион теңгеге жуық 188 жоба енгізіліп, оларды жүзеге асыру нәтижесінде 36 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.
Өңірде жаңа автомобиль өндірістері іске қосылып, машина жасау, металлургия және құрылыс материалдарын өндіру салаларында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Qarmet» кәсіпорнын жаңғыртуға 2028 жылға дейін 1,6 триллион теңге инвестиция бағыттау көзделген. Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыста 94,6 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Алдағы кезеңде инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу, шикізатты терең өңдеу, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








