Қазақстанда тау-кен және шахта құрылғыларын жөндейтін және қалпына келтіретін зауыт ашылды

    1 / 6

    Енді әлемнің жетекші өндірушілерінің техникасын Қарағандыда қалпына келтіруге болады

    Central Asia Mining Services (бұдан әрі – CAMS) компаниясы Қарағанды қаласында тау-кен және шахта жабдықтарын жөндеу, сервистік қызмет көрсету және қалпына келтіру бойынша жеке өндірістік алаңын ашты.

    Аумағы 6 000 м²-ден асатын зауыт заманауи диагностикалық стендтермен жабдықталған және тау-кен техникасының барлық түрлерін жөндеуге мүмкіндік береді. CAMS компаниясы Caterpillar, Epiroc, Sandvik, Volvo сияқты әлемдік жетекші өндірушілердің техникасымен жұмыс істейді және аталған компаниялардың түпнұсқа қосалқы бөлшектерін жеткізеді.

    Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Алибек Молдакаримов:

    «Жаңа өндірістік алаңның ашылуы – Қарағанды облысы үшін маңызды оқиға әрі өңірдегі тау-кен өнеркәсібінің сервистік инфрақұрылымын нығайтуға жасалған елеулі қадам. Біз үшін зауыттың заманауи өндірістік құзыреттерді дамытумен қатар, жергілікті колледждермен бірлесіп мамандарды оқытуға және даярлауға баса назар аударуы маңызды.

    Мұндай жобалардың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті мамандардың кәсіби сервистік біліктілігін арттыруға және өңірде заманауи өнеркәсіптік экожүйені қалыптастыруға ықпал етеді.

    Біз Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, жергілікті мамандар мен кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын инвестициялар мен жобаларды одан әрі дамытуға мүдделіміз».

    CAMS бас директоры Шолпан Медельбекова былай деп атап өтті:

    «Қазақстанда тау-кен секторындағы жабдықтар мен олардың құрамдас бөліктерін жөндеу нарығы енді қалыптасып келеді. Нарықта ресми дилерлердің қымбат сервистік қызметтері мен жеке тұлғалар ұсынатын жүйесіз қызметтердің арасындағы алшақтықты жоя алатын, сондай-ақ тау-кен өндіруші компаниялардың операциялық тиімділігін арттыруға ықпал ететін кәсіби сервистік компанияға сұраныс бар».

    CAMS ірі халықаралық тау-кен өндіруші компанияларда жұмыс тәжірибесі бар білікті инженерлік-техникалық мамандардан құралған команда жасақтады. Салалық сараптама мен тау-кен жабдықтарын жеткізетін әлемдік өндірушілермен жасалған тікелей келісім-шарттардың бірегей үйлесімі елімізде кәсіби техниканың қайталама нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Тау-кен және шахта жабдықтарын жөндеу зауытының негізінде CAMS Training Center оқу орталығы құрылды. Мұнда зауыт мамандары білікті кадрларды даярлау мақсатында шеберлік сабақтарын, тренингтер және саланың жетекші өкілдерімен кездесулер өткізеді. Оқыту бағдарламаларына жергілікті колледждердің студенттері де қатыса алады.

    Алғашқы оқу бағдарламасын Мароккодан келген халықаралық сарапшы өткізеді.

    Ашылу салтанаты аясында компания Қарағанды жоғары политехникалық колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар колледж студенттеріне сапалы білім беру, соның ішінде CAMS зауытында өндірістік тәжірибеден өткізу туралы келісті.

    Анықтамалық ақпарат

    Central Asia Mining Services компаниясы ауыр техниканың қолданысын басқаруға және оны қалпына келтіруге маманданған. Компания жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық қызмет көрсету, жөндеу және жаңғырту жүйесіне ие.

    Компания «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген.

    БАҚ өкілдеріне арналған байланыс ақпараты

    Махаббат Садвакасова

    Тел.: +7 777 001 21 07

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" жаңалықтары