Атырау облысында инватаксиге тапсырыс беруге арналған пилоттық цифрлық жүйе іске қосылды

    Атырау облысында инватаксиге тапсырыс беруге арналған пилоттық цифрлық жүйе іске қосылды

    Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен мүгедектігі бар адамдарды тасымалдайтын арнаулы көлікті шақыртуды автоматтандыру мақсатындағы “InvoTaxi” жүйесін енгізуге қатысты жиын өтті.

    Бұл жүйе қызметті қолайлырақ әрі ашық көрсетуге мүмкіндік береді. Енді тапсырысты мобильді қосымша арқылы беруге болады, ал расталған өтінімдер автоматты түрде желідегі жүргізушілерге бөлінеді. Тапсырыстың мәртебесін және маршруттың сақталуын бақылап отыруға болады.

    “Біздің міндетіміз — бұл қызметті мүгедектігі бар адамдарға мейлінше түсінікті және қолжетімді ету. Бұл орайда өтінім берілгеннен бастап сапар аяқталғанға дейінгі уақыт бойы бақылауды қамтамасыз ету маңызды. Цифрлық жүйе қызмет көрсету сапасын арттырып, адам факторының әсерін азайтуы тиіс, — деп атап өтті өңір әкімі.

    Бүгінде “InvoTaxi” пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Оған 100-ге жуық пайдаланушы қосылып, 300-ге дейін өтінім өңделген. Тестілеу аяқталған соң тіркелген 1 200-дей пайдаланушының мәліметін жүйеге көшіру жоспарланып отыр.

    Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдаланушыларды ресми деректер базасы арқылы верификациялау, сондай-ақ аккаунттарды екі факторлы қорғау жүйесі қарастырылған. Қосымшаның интерфейсі көру қабілеті нашар адамдарға да бейімделген.

    Жүргізушілерге қойылатын талапқа да баса назар аударылады. Олар жұмысты бастамас бұрын міндетті түрде тексеріліп, мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас жасау ережелері бойынша оқытылады. Әкімшілік панельде автокөліктердің орналасқан жері, тапсырыстардың мәртебесі және бұрынғы сапарлар жайлы ақпарат көрсетілетін карта бар.
    Көлік салонындағы бейнерегистраторлар қосымша бақылауды қамтамасыз етеді.

    Жобада мүгедектігі бар адамдарға жұмыс орнын ашу да қарастырылған. Диспетчерлік қызметке негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар тартылмақ.

    Жиын соңында жүйені тестілеуді жалғастыру, оны толықтай пайдаланушылар базасына көшіруге дайындау және “InvoTaxi” жүйесін облыс аудандарында енгізу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары