AI-Sana көрмесі: Қазақстанның 20 ЖОО студенттерінің ЖИ-жобалары таныстырылды

    AI-Sana көрмесі: Қазақстанның 20 ЖОО студенттерінің ЖИ-жобалары таныстырылды

    AI-Sana көрмесі: Қазақстанның 20 ЖОО студенттерінің ЖИ-жобалары таныстырылды

    AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында AI-Sana бағдарламасы жобаларының көрмесі өтті. Көрмеде Қазақстанның 20 жоғары оқу орны студенттері әзірлеген жасанды интеллект саласындағы үздік жобалар таныстырылды.

    Іс-шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, AI-Sana бағдарламасының маңызын атап өтті.

    Министр өз сөзінде AI-Sana бағдарламасының Мемлекет басшысы қойған Қазақстанды цифрлық елге айналдыру және технологияны тұтынушы ғана емес, оны жасай алатын жаңа буын қалыптастыру міндетін іске асырудағы рөліне тоқталды.

    «Біз үшін ең маңыздысы – жастардың жасанды интеллект саласындағы білімін нақты дағдыға айналдыру. Бағдарлама аясында студенттер технологияны дайын күйінде пайдаланумен шектелмей, оның мүмкіндіктерін терең түсініп, практикалық міндеттерді шешуге және өз жобаларын әзірлеуге үйренеді. Бұл – елдің адами және зияткерлік капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестиция», – деді Саясат Нұрбек.

    Іс-шараға сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Пол Ким, Alpha Intelligence Capital серіктесі әрі Mariton Partners компаниясының негізін қалаушы серіктесі Ни Ли, сондай-ақ Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев қатысып, жасанды интеллектіні дамыту, технологиялық жобаларды ілгерілету және инвестиция тарту бағыттары бойынша пікір алмасты.

    Бүгінде AI-Sana бағдарламасына 106 жоғары оқу орны қатысады. Оның алғашқы кезеңінде студенттер жасанды интеллект негіздері бойынша 700 мыңнан астам сертификат алса, екінші кезеңде 100 мыңнан астам студент AI-кәсіпкерлік бағытында білім алып жатыр. Бағдарлама аясында 515-тен астам жасанды интеллект шешімі әзірленіп, 22 мыңнан астам технологиялық жоспар жасалды. Жобаларды 1,5 мыңнан астам куратор сүйемелдейді.

    Көрмеде аталмыш бағдарлама аясында әзірленген үздік жобалар ұсынылды. Олардың қатарында құрылыс саласына арналған Prime360.AI аналитикалық платформасы, Unitree G1 гуманоидты роботын бағдарламалауға арналған Future Lab платформасы мен жасанды интеллект симуляторы, Орталық Азиядағы экологиялық мониторингке бағытталған AgroMindKZ платформасы және Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен ұлттық мұрасын заманауи ойын технологиялары арқылы таныстыратын SARDAR жобасы және тағы басқа осы сынды үздік әзірлемелер болды.

    Сондай-ақ форум аясында Alpha Intelligence Capital мен Astana IT University және QazInnovations пен Platonus арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамытуға, білім беру мен технологиялық кәсіпкерлікті ұштастыруға және перспективалы әзірлемелерді қолдауға бағытталған.

    AI-Sana көрмесі студенттердің жасанды интеллект саласындағы білімін нақты жобаларға айналдырып, жаңа технологиялық шешімдерді дамытуға бағытталған мүмкіндіктерді көрсетті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары