
Алатау ауданында 2026 жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 4 300 орындық төрт мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы аудан әкімдігінің өкілдері мәлімдеді.
Жаңа оқу жылында Зерделі шағынауданындағы 550 орындық №178 лицей, Ақмаржан шағынауданындағы 2 мың орындық №230 мектеп және Ғажайып шағынауданындағы 1 200 орындық жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашады. Ал Қарасу шағынауданындағы №160 мектепті биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.
Саялы шағынауданында тәулігіне 200 адам қабылдайтын отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ мұнда Инновациялық шығармашылық орталық салынып, балаларды үйірмелерге қабылдау басталды.
Ауданда инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылы Рахат–Мәдениет және Шапағат шағынаудандарында ұзындығы 177,8 шақырым болатын су құбыры мен кәріз желілерін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл шамамен 19 мың тұрғынды орталықтандырылған инженерлік желілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Теректі шағынауданында қосымша 92,2 шақырым инженерлік желі салынып жатыр.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 61,1 шақырым болатын 95 көшеде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 3,2 шақырым болатын Саин көшесі аумағының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта Боралдай, Рахат–Мәдениет және Теректі шағынаудандарында жол құрылысы жұмыстары жалғасып жатыр.








