
Қала прокуратурасының «Адал адам – Адал еңбек» жобасын іске асыру аясында бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткізілді.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары, жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, пробация қызметінің, Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасының, Мансап орталығының өкілдері, сондай-ақ қала кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдарды, алимент бойынша берешегі бар азаматтарды және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу болды.
Кездесу барысында аталған санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері, мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілерінің өзара іс-қимыл тетіктері, сондай-ақ еңбекке орналастырудың тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.
Бүгінде жоба аясында 109 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды, оның ішінде 93-і – мүгедектігі бар адамдар.
Прокуратура тарапынан азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету олардың әлеуметтік бейімделуінің, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алудың, алимент бойынша берешекті азайтудың және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың тиімді тетіктерінің бірі екені атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша осы бағыттағы жұмысты жандандыруға бағытталған нақты шаралар айқындалды.
Бейнеролик төмендегі сілтеме арқылы қолжетімді: https://www.gov.kz/memleket/entities/abai-enbek/press/media/details/86522?lang=ru









