
Бүгінде Кемпірсай ауылдық округіндегі шаруашылықтарда егін жинау жұмыстары аяқталуға жақын.
Асхат Шахаров астық және майлы дақылдар өсіріп, сондай-ақ тұқым дайындаумен айналысатын «Дилэнд» ЖШС-ге барды. Биыл шаруашылық 22 847 гектар жерге егін еккен. Оның ішінде 11 722 гектарға дәнді дақылдар, 11 077 гектарға майлы дақылдар егілді. Дәнді дақылдардан шаруашылықта бидай, арпа, тары және бұршақ дақылдары өсіріледі. Ал майлы дақылдар қатарында күнбағыс, мақсары және зығыр бар.
Серіктестік орналасқан аумақты аралау кезінде Асхат Шахаров егін жинау жұмыстарының барысын, алдын ала нәтижелер және шаруашылықтың жұмыстарды аяқтауға дайындығын сұрады. Сондай-ақ жиналған өнімді сақтау, тұқымдық материал әзірлеу, жер ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі округтегі шаруа қожалықтарының басшыларымен де кездесті. Аграршылар биыл қандай өнім алғаны туралы айтып берді. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының басшылары өнімді өткізу және сақтау, несие алу, техниканы жаңарту және мемлекеттік қолдау мәселелерін көтерді.
Асхат Шахаров егін жинау науқанының қорытынды кезеңін сапалы өткізу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде туындайтын мәселелерді уақтылы шешудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жер ресурстарын тиімді пайдаланып, шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет.
«Егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Сондықтан қазір барлық жұмысты сапалы аяқтап, жиналған өнімді сақтап қалу маңызды. Қалған алқаптардағы егінді ысырапқа жол бермей, уақытылы жинауды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар өнімді әрі қарай сақтау мен өткізу мәселесіне де назар аударған жөн. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері туындаған мәселелерді уақтылы шешіп, қолда бар жер ресурстарын тиімді пайдалана алуы маңызды», – деді Асхат Шахаров.









