
Әзірбайжан астанасында дзюдодан ересектер арасындағы әлем чемпионатында алғашқы жарыс күнінің финалдары өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Отандасымыз Шерзод Давлатов -60 кг салмақтың ақтық сынында жергілікті палуан Ахмед Юсифовпен күресті. Бас жүлде жолындағы шиеленісті белдесуде Әзірбайжан өкілі басым түсті. Осылайша, Шерзод жарысты 2-орында аяқтады.
Шерзод Давлатовтың бүгінгі финалға дейінгі белдесулері:
Жартылай финал: әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Рюдзу Нагаяма (Жапония);
Ширек финал: әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ромен Валадье-Пикар (Франция);
1/8 айналым: Панамерика ойындарының чемпионы Микел Аугусто (Бразилия);
1/16 айналым: Рауль Брийан Нганджи (Бурунди);
1/32 айналым: Лойк Кудбудинов (Тәжікстан);
Баку қаласындағы чемпионат 12 қазанға дейін созылады. Биыл 93 мемлекеттен 622 татами шебері қатысып жатыр.









