Шаруашылықтағы озық технологиялар
Ауыл шаруашылығының дамуы бүгінде заманауи технологиялармен тығыз байланысты. Мал өсірудің дәстүрлі тәсілдері жаңа ғылыми жетістіктермен, цифрлық жүйелермен және автоматтандырылған құрылғылармен толығуда. Ауданымызда да агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, өндіріс тиімділігін арттыру және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында тың бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Солардың бірі – «Сәбит» шаруа қожалығының елімізде алғашқылардың бірі болып канадалық «GrowSafe» ақпараттық платформасын қолдануы. Шаруашылықта етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды өз өнімділігі және ұрпағының сапасы бойынша бағалайтын тәжірибе станциясы құрылды. Оған құны 50 миллион теңге болатын канадалық «GrowSafe» қондырғысы орнатылды.
Аталған жүйе асыл тұқымды бұқашықтардың өнімділік көрсеткіштерін автоматты түрде бағалауға арналған. Тәжірибе станциясында жүргізілген жұмыстар малдың асыл тұқымдық қасиеттерін зерттеуге, селекциялық жұмыстың сапасын арттыруға және шаруашылыққа қажетті деректерді жинақтауға мүмкіндік береді.
Аудандағы ірі бордақылау алаңдары да өндірістік үдерістерді жаңғыртуға ден қоюда. Атап айтқанда, « AMANER IZI» ЖШС, «Батыс бордақылау» және «Мұқадес» шаруа қожалығы мал бордақылау жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін озық технологияларды кезең-кезеңімен енгізуде. Бұл шаруашылықтарда малды сумен қамтамасыз ететін автоматтандырылған жүйелер қолданылуда. Сонымен қатар мал азығын дайындау, жеткізу және тарату жұмыстарына арнайы техникалар тартылған. Азық араластырғыш және таратқыш құрылғылар жемшөпті белгіленген мөлшерде, біркелкі үлестіруге мүмкіндік береді.
Ауданның мал шаруашылығындағы тағы бір айтулы жетістік – қазақтың жабы жылқысының Ақжайық зауыттық типіне алынған патент. Биыл «Ернұр-Ж» шаруа қожалығы ұзақ жылдар бойы жүргізілген селекциялық жұмыстың нәтижесінде осы жетістігін заң жүзінде бекітті. Бұл – отандық жылқы шаруашылығы үшін маңызды оқиға. Қазақтың жабы жылқысы табиғи ортаға бейімділігімен, төзімділігімен және шаруашылыққа пайдалы қасиеттерімен бағаланады. Ал оның Ақжайық зауыттық типінің патентпен қорғалуы жылқының тұқымдық ерекшеліктерін сақтауға, өнімділік қасиеттерін жетілдіруге және ұлттық генетикалық қорды байытуға бағытталған селекциялық еңбектің нағыз жемісі. Жергілікті жылқы шаруашылығының осындай нәтижеге қол жеткізуі Ақжайық өңіріндегі селекциялық жұмыстың әлеуетін көрсетеді.
Ата кәсіпті ғылыммен ұштастырып, озық тәжірибелерді өндіріске енгізу – ауыл шаруашылығының келешегі үшін маңызды қадам. Ақжайық шаруаларының осы бағыттағы ізденістері өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтып, мал шаруашылығын заман талабына сай дамытуға негіз қалауда.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








