1 / 2
Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылының тұрғыны Меңдігерей Мұқанов бүгін 63 жасқа толып, зейнет жасына жетті. Туған күні сайлау күнімен тұспа-тұс келген ауыл тұрғыны сайлау учаскесіне ағашқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасады.
Осыған орай учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері мерейгерді туған күнімен құттықтап, иығына шапан жапты.
Меңдігерей Ғатауұлы еңбек жолында киномеханик, қарапайым жұмысшы болып қызмет еткен. Ауылдастары арасында сый-құрметке ие, өнегелі отбасының отағасы.
– Бүгін мен үшін ерекше күн. Алпыс үш жасқа толып, зейнет жасына жетіп отырмын. Комиссия мүшелерінің көрсеткен құрметіне ризамын. Еліміз аман болсын, туған мекен Ақжайығымыз көркейе берсін, – деді Меңдігерей Мұқанов.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Болатбек Сәламатов та мерейгерге ізгі тілегін білдірді.
– Меңдігерей Ғатауұлы – ауылымыздың сыйлы азаматтарының бірі. Бүгінгі туған күніне орай құрмет көрсетіп, зейнетке шығуымен құттықтауды жөн көрдік. Деніне саулық, отбасына амандық тілейміз, – деді комиссия төрағасы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








