80 млн теңгелік алаяқтық ісі: ШҚО тұрғыны тергеушілерге алғысын білдірді
Әрбір күрделі қылмыстық істің артында кәсібилікті, табандылық пен ұстанымдылықты талап ететін үлкен еңбек тұрады. Ал сол еңбектің азаматтар тарапынан шынайы бағалануы — ерекше қуаныш.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтің жеке қабылдауында қала тұрғыны Гүлнар Қуанбаева қылмыстық істі тергеуге қатысқан полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді. Әңгіме бір топ адамның алдау жолымен құны 80 млн теңге болатын мүліктік кешенді иемденіп кеткен алаяқтық дерегі туралы болды.
Қылмыстық істің күрделілігі мен материалдардың ауқымдылығы тергеушілерден табандылықты, жан-жақты талдауды және әрбір кезеңге мұқият қарауды талап етті. Іс бойынша процестік шешімдердің бірнеше рет қайта қаралуы да тергеу жұмысының күрделілігін арттырды.
Қала тұрғыны Полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Жанар Мейірбековаға және Самар ауданы полиция бөлімінің тергеу жөніндегі орынбасары, полиция майоры Айдын Далабаевқа ерекше алғысын жеткізді. Олардың кәсібилігін, жауапкершілігін және қылмыстық істі тергеуге қосқан жеке үлесін атап өтті.
Полиция қызметкерлері үшін мұндай алғыс сөздер ерекше қымбат. Өйткені бұл — атқарылған еңбектің зая кетпегенін, ал олардың жұмысы адамның әділдіктің орнауына деген үмітін ақтағанын білдіреді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








