«777» бәсекесіз көшбасшы: ШҚО жүргізушілері қандай VIP-нөмірлерді таңдайды?
Бірі үшін автокөлік нөмірі — жай ғана тіркеу белгісі, ал енді бірі үшін өзіндік ерекшелігін көрсетудің бір жолы. Шығыс Қазақстандық автокөлік иелерінің таңдауына қарағанда, әдемі әрі есте сақтауға оңай цифрлар ерекше сұранысқа ие.
2026 жылдың 10 айында облыстың мамандандырылған ХҚКО-ларында сұранысы жоғары мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің 425 жиынтығы берілген.
Жүргізушілер арасында сөзсіз көш бастап тұрғаны — 7 саны. Сондай-ақ қайталанатын және айна тәрізді сандар, ал әріптік бөлігінде бірдей әріптер мен жеке бастама әріптері (инициалдар) жиі таңдалады. Жеке нөмірлерге деген қызығушылық республика бойынша да артып келеді: 2026 жылдың бірінші тоқсанында ғана қазақстандықтар онлайн-сервистер арқылы 169 мыңнан астам өтінім берген.
Әдемі нөмір қанша тұрады?
Бағасы таңдалған цифрлық комбинацияға байланысты. Ең қымбат нұсқаларға 001-ден 009-ға дейінгі сандар, сондай-ақ үш бірдей әріппен тіркелетін 777 комбинациясы жатады. Олардың құны — 285 АЕК (1 232 625 теңге). Ал кәдімгі әріптік сериямен берілетін осындай цифрлық белгілердің бағасы — 228 АЕК (986 100 теңге).
Қалай рәсімдеуге болады?
Қалаған нөмірге eGov.kz, eGov Mobile немесе банк сервистері арқылы тапсырыс беруге болады. Ол үшін өңірді таңдап, нөмірдің қолжетімділігін тексеріп, мемлекеттік бажды төлеу қажет. Дайын нөмірлік белгілерді 15 жұмыс күні ішінде мамандандырылған ХҚКО-дан алуға болады.
2026 жылғы 5 қаңтардан бастап қазақстандықтар мемлекеттік нөмірлердің өздері қалаған әріптік және цифрлық комбинацияларын өз бетінше таңдай алатынын еске саламыз. Бұл ретте жекелеген комбинациялар сұранысы жоғары санатқа жатқызылып, заңнамада белгіленген арнайы тарифтер бойынша төленеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








