Коммерциялық емес ұйым басшысын ауыстыру тәртібі

    Алматы қаласының Әділет департаменті коммерциялық емес ұйымдардың басшысы ауысуына байланысты тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу тәртібін түсіндіреді.

    «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-2-бабына сәйкес заңды тұлғаның тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылады.

    Аталған бапқа сәйкес заңды тұлғаның тіркеу деректеріне енгізілетін өзгерістер, оның ішінде жаңа басшыны тағайындауға, басшының міндетін атқарушыны тағайындауға, заңды тұлғаның мүлкі мен қызметін басқарушыны тағайындауға, сондай-ақ басшыны қызметінен шеттетуге байланысты өзгерістер тіркеуші органның қатысуынсыз электрондық хабарлама негізінде автоматты режимде енгізіледі.

    Осылайша, коммерциялық емес ұйымның басшысы ауысқан кезде заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу жүргізілмейді. Заңды тұлға басшысы туралы мәліметтерді өзектендіру үшін Қазақстан Республикасының электрондық үкімет веб-порталы (eGov.kz) арқылы тиісті электрондық хабарлама жолдау қажет.

    Бұл ретте жаңа басшыны тағайындау туралы шешім коммерциялық емес ұйымның жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес ұйымның уәкілетті органы тарапынан қабылдануға тиіс.

    Назар аударуды сұраймыз, басшының ауысуына байланысты тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеумен шатастырмау қажет.

    Алматы қаласының Әділет департаменті коммерциялық емес ұйымдардың өкілдеріне басшыны ауыстыру кезінде жоғарыда көрсетілген талаптарды ескеруді және тіркеу деректерін уақтылы өзектендіруді ұсынады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының Әділет департаменті" жаңалықтары