Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сыбайлас жемқорлық – індет, онымен күресу қажет» атты акция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және заң үстемдігін құрметтеу қағидаттарын насихаттау.
Акция аясында Алматы қаласы Әділет департаментінің Коммерциялық емес заңды тұлғаларды бақылау және тіркеу бөлімінің жетекші маманы Е. Ж. Базаршынов студенттерге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша дәріс оқыды.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлық ұғымы, оның пайда болу себептері мен қоғамға тигізетін кері әсері, сондай-ақ мұндай құқық бұзушылықтар үшін көзделген заңдық жауапкершілік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар спикер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда заң талаптарын сақтау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамда парасаттылық қағидаттарын орнықтырудың маңыздылығына тоқталды.
Дәріс барысында студенттер тақырыпқа қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық тетіктері туралы мағлұмат алды. Сондай-ақ әрбір азаматтың адалдық пен әділдік қағидаттарын ұстануы, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауы және қоғамдық жауапкершілікті сезінуі маңызды екені атап өтілді.
Мұндай танымдық кездесулер жастардың құқықтық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, академиялық адалдық пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – қоғамның барлық мүшесіне ортақ міндет.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









