Ақтөбе облысында өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау шаралары пысықталды

    1 / 4

    ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев Ақтөбе облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының ұжымымен жұмыс кездесуін өткізді.

    Жиын барысында комитет басшысы аумақтық бөлімше мамандарымен танысып, өңірдегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Атап айтқанда, қауіпті өндірістік объектілерде мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру тәртібі және тексерістердің өту барысы жан-жақты талқыланды. Бұдан бөлек, инспекторлық құрамның еңбек ету жағдайы мен қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылу деңгейі зерделеніп, қызмет барысында кездесетін кедергілер айқындалды.Сонымен қатар қадағалау іс-шараларының нәтижелілігін арттыру, өндірістік авариялар мен жарақаттанудың алдын алу тетіктерін күшейту мәселелері қарастырылды. Қатысушылар аймақтағы өндірістік қауіпсіздікті нығайту, тәуекелдерді бағалау тәсілдерін жетілдіру және профилактикалық жұмыстарды жүйелеу бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

    Кездесу қорытындысында Рашид Дубаев басқарма басшылығы мен қызметкерлеріне анықталған олқылықтар мен өзекті мәселелерді жою, бақылау сапасын көтеру және салалық заңнама талаптарын мүлтіксіз орындау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Комитет төрағасы әрбір бағыт бойынша жауапты тұлғаларды белгілеп, берілген міндеттердің уақтылы әрі сапалы іске асырылуын талап етті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті" жаңалықтары