Сіздің көзқарасыңызды кім қалыптастырады?

    Әлеуметтік желідегі бір бейнеролик, бірнеше жарияланым немесе бейтаныс адаммен болған хат алмасу белгілі бір көзқарастың қалыптасуына түрткі болуы мүмкін. Бүгінде интернет діни ақпаратты шектеусіз алуға мүмкіндік береді. Алайда шынайы біліммен қатар, цифрлық кеңістікте күмәнді діни ілімдер, сананы манипуляциялауға бағытталған үндеулер мен радикалды идеяларды насихаттайтын материалдар да таралуда.

    Діни ағартушылықты жасырын насихаттан қалай ажыратуға болады? Өзін діни ұстаз ретінде таныстыратын әрбір адамға сенуге бола ма? Бұл мәселелер Абай облысындағы жоғары оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің студенттермен өткізген кездесуінде талқыланды.

    Кездесу барысында мамандар жастар арасында радикалды діни идеялардың таралу ерекшеліктеріне назар аударды. Атап айтқанда, жекелеген топтардың жастармен байланыс орнату және олардың дүниетанымына біртіндеп ықпал ету мақсатында танымал интернет платформаларын, бейнеконтент пен жеке хат алмасуларды қалай пайдаланатыны сөз болды.

    Сондай-ақ адамдарды өз ықпалына тартудың психологиялық тәсілдері қарастырылды. Бастапқыда мұндай қарым-қатынас қарапайым достық әңгіме немесе діни білім алуға шақыру түрінде көрінуі мүмкін. Алайда уақыт өте келе әңгімелесуші өз көзқарасын таңып, дінді өзінше түсіндіруге көшеді, өз ұстанымдарын жалпыға ортақ құндылықтарға қарсы қояды, жақын адамдарға деген сенімсіздік қалыптастырып, тек өзінің нұсқауларын орындауға итермелеуі мүмкін.

    Студенттерге діни ақпарат көздерін тексеру, интернет жарияланымдарының мазмұнына мән беру және олардың шынайылығы мен заңдылығына көз жеткізбей таратпау қажеттігі де түсіндірілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы заңнамасының негізгі талаптары және заңмен тыйым салынған материалдарды таратқаны үшін көзделген жауапкершілік мәселелері қозғалды.

    Мамандар ақпаратты өз бетінше саралай білудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Жазылушылар санының көп болуы, сенімді сөйлеу мәнері немесе діни терминдерді қолдану таратылып отырған мәліметтердің шынайылығына кепілдік бермейтіні атап өтілді.

    Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісіп, мамандардан тиісті түсініктемелер алды.

    Түптеп келгенде, ақпараттық қауіпсіздік әрбір мәліметті ақиқат ретінде қабылдамаудан басталады. Сұрақ қоя білу, деректерді тексеру және жеке көзқарасты өз бетінше қалыптастыру жастарға манипуляцияға қарсы тұруға және таңдау еркіндігін сақтауға көмектеседі.

    Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары