Өзгенің ықпалына түсіп қалмау

    Жасөспірімнің сыртқы мінез-құлқынан оның жан дүниесінде не болып жатқанын әрдайым аңғару мүмкін емес. Өзіне деген сенімсіздік, ішкі күйзеліс, қарым-қатынастағы қиындықтар мен өзін біреудің түсінгенін қалау көбіне назардан тыс қалып жатады. Мұндай жағдайда жасөспірімге көңіл бөлу, дер кезінде психологиялық қолдау көрсету және маманмен ашық сөйлесу мүмкіндігін ұсыну ерекше маңызды.

    Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының психологтары облыстық ерекше ұстау режиміндегі арнайы мектеп-интернат тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді.

    Кездесудің жеке бір бөлігі жасөспірімдерді радикалды діни ағымдарға тарту кезінде қолданылуы мүмкін психологиялық тәсілдерді түсіндіруге арналды. Атап айтқанда, сенімге қиянат жасау, адамның жеке басындағы қиындықтарын өз мақсатына пайдалану, өзін кінәлі сезіндіру және дербес таңдауына ықпал ету сияқты амалдар талқыланды. Экстремистер адаммен эмоциялық байланыс орнатып, оның көзқарасына біртіндеп ықпал ету және өз ортасына тарту үшін осындай тәсілдерді қолдануы мүмкін. Сондықтан мұндай әрекеттерді дер кезінде танып, өзгенің ықпалына түспеудің маңызы түсіндірілді. Қатысушыларға күмәнді белгілерді ажырату, сыни ойлау қабілетін сақтау және психологиялық қысымға қарсы тұру жолдары айтылды.

    Интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Әлеуметтік желілер ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар бейтаныс адамдармен байланыс орнату алаңына да айналды. Жасөспірімдерге бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасаудың ықтимал қауіптері, күмәнді контенттің әсері және кез келген ақпаратты шынайы деп қабылдамас бұрын оның дұрыстығын тексеру қажеттігі түсіндірілді.

    Кездесудің маңызды бөлігі ашық диалог форматында өтті. Тәрбиеленушілер өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ойларымен бөлісуге мүмкіндік алды. Мұндай қарым-қатынас тек ақпарат берумен шектелмей, қатысушылардың жеке уайымдары мен қажеттіліктеріне назар аударуға жол ашады.

    Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары